Биыл алғашқы жартыжылдықта ел экономикасы 4,1% өсті

АСТАНА.KAZINFORM – Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ел экономикасында оң динамика байқалатынын мәлімдеді.

Фото: Kazinform

– Биыл қаңтар-маусымның қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,1%-ға жетіп, қаңтар-мамырмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді. Оң динамика нақты сектордағы өсу қарқынының осы жылғы қаңтар-мамырдағы 4%-дан 5,1%-ға дейін ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсу сақталып отыр – қызметтер көлемі 3,5%-ға ұлғайды. Экономика өсуінің негізгі драйвері мұнайға қатысты емес сектор болып қала береді. Осы жылы мұнайға қатысты емес сектордың өсу қарқыны тұрақты түрде 5%-дан асуда. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі шамамен 85%-ды құрайды. Оң динамика ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінде де сақталып отыр, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан Қазақстан экономикасы өсімін сақтайтынын жазғанбыз.