Спикердің айтуынша, қалада тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілгенімен, кейбір тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілері, әсіресе құрылыс нысандарының өкілдері қоқысты белгіленбеген орындарға төгеді. Соның салдарынан заңсыз қоқыс орындары пайда болып, қоршаған ортаға зиян келтіріп отыр.
Осыған байланысты жыл сайын «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының геопорталы арқылы ғарыштық мониторинг жүргізіліп, рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталады.
– Биыл Астанада 122 заңсыз қоқыс орындары анықталды, қазіргі таңда оның 68-і толық тазартылды, қалған учаскелер бойынша жою жұмыстары жалғасып жатыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы 328 заңсыз қоқыс орындары анықталған болатын. Бұл заңсыз қоқыс орындарының санының айтарлықтай азайғанын көрсетеді және атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесін дәлелдейді, – деді спикер Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның сөзінше, аталған мәселемен күресу мақсатында қала әкімдігі тарапынан бірқатар шара қолға алынған. Атап айтқанда, заңсыз қоқыс жиі төгілетін орындарға 122 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ Полиция департаменті, «iKomek 109» байланыс орталығы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп тұрақты мониторинг жүргізіледі.
– 2026 жылдың 7 айында 30 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 73 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деді ол.
Бұдан бөлек, Астана қаласында құрылыс қалдықтарын басқару қағидалары бекітілген. Осы талаптардың сақталуын бақылау үшін құрылыс нысандарында тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізіледі.
– Биылдан бастап «Северная гряда» дейтін құрылыс қалдықтарын қабылдайтын полигонның қызметі толық цифрландырылды, яғни «Smart Waste» цифрлық платформасы енгізілді. Полигонмен құрылыс қалдықтарын шығаратын жеке құрылыс компаниялары, сондай-ақ мемлекеттік құрылыс нысандарының мердігерлері де келісімшарттарын осы платформа арқылы рәсімдейді. Бұл құрылыс қалдықтарының қозғалысын бақылауға және олардың ресми полигонға шығарылуын қадағалауға мүмкіндік береді. Заңсыз қоқыс орындарынан қалдықтарды шығарып, аумақты қалпына келтірудеміз. Жалпы қоқыс анықталған жағдайда оны жою бойынша жауапты мекемелер жедел әрекет етіп жатыр, – деп толықтырды Медет Джалпыбаев.
Бұған дейін Павлодарда 100-ге жуық заңсыз қоқыс орындары анықталғанын жазғанбыз.