Биыл Астанаға қандай әлемдік жұлдыздар келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада концерттер мен мәдени іс-шаралар көбейіп, әлемнің түрлі елдерінен келетін өнерпаздардың қатары артып келеді.

Фото: enriqueiglesias / Instagram

Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Astana Concert» ЖШС-нің концерттік директоры Александр Бихерт мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл елордада ұйымдастырылған бірнеше концертке билет түгел сатылып кеткен.

— Мәселен, МакSимнің концертіне шамамен 5 мың көрермен жиналды. Ал Анна Астидің «Барыс Аренадағы» кешін 9 мыңға жуық адам тамашалады. Бұл — биылғы ең көп көрермен жиналған концерттердің бірі, — деді ол.

Спикер мәдени жобаларға деген қызығушылықтың да жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, «Леонардо да Винчи. Қайта өрлеу дәуірінің данышпаны» көрмесін бүгінге дейін 40 мыңнан астам адам тамашалаған. Көрмеге Рим мен Флоренция музейлерінен жеткізілген 44 түпнұсқа жәдігер қойылған.

Бихерттің айтуынша, жыл соңына дейін елордада тағы бірнеше үлкен концерт өтеді.

— 17 қыркүйекте Конгресс орталығында Мари Краймбрери өнер көрсетеді. 20 қарашада «Барыс Аренада» Дима Биланның концерті өтеді. Сондай-ақ биыл «Астана Аренада» әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиас өнер көрсетеді, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет туризмдегі негізгі мәселелерді көтерген еді.