Биыл атыраулық оқушылар қайда демалады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Биыл атыраулық оқушылар демалатын 3 лагерді дайындауға, балаларды тамақпен қамтуға және жол шығындарына 778 млн теңге қарастырылған.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазғы маусымда Ресей Федерациясының Железноводск қаласында орналасқан «Қазақстан Геологі» емдеу пансионаты, Индер ауданындағы «Жас Өркен» лагері және Махамбет ауданындағы «Арай» лагері жұмыс істейді.

Ресей Федерациясында орналасқан «Қазақстан Геологі» емдеу пансионатына арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 1530 оқушы жіберіледі. Ал өңірге қарасты Индер ауданындағы «Жас Өркен» лагерінде 1008, Махамбет ауданындағы «Арай» лагерінде 420 оқушының демалысы ұйымдастырылады.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта «Қазақстан Геологі» емдеу пансионаты балаларды қабылдауға дайын. Қалған екі лагерьде мамыр айынан бастап ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

— Жалпы 2026 жылы облыс бойынша 139 746 оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бұл — өңірдегі оқушылардың 95%-ы.Білім беру ұйымдары жанынан 847 балалар лагері ашылады. Оның ішінде 166 лагерьде балалар тамақпен қамтылса, 681-і бейіндік бағытта жұмыс істейді. Бұл лагерьлерде 3 кезең бойынша 126 498 оқушының демалысын ұйымдастыру жоспарланған, — деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, өңірде 120 шатырлы және киіз үй лагері құрылып, онда 10 230 оқушы қамтылады. Сонымен бірге, 1367 бала өзге өңірлеріндегі демалыс лагерьлеріне жіберіледі.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында балалардың жазғы демалысында 10 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарланғанын жазған едік.