Биыл барлық ауылдық округ әкімнің цифрлық жұмыс орны модуліне қосылады

Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында барлық ауылдық округ әкімнің цифрлық жұмыс орны модуліне кезең-кезеңімен қосылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

— Ауылдық деңгейде жоспарлау мен ресурстарды нысаналы бөлу сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік басқаруды цифрландыру құралдары енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» жобасы ауылдық округ әкімдерін жергілікті жерде жағдайды кешенді талдауға және жедел басқарушылық шешім қабылдауға арналған біріңғай цифрлық тереземен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында Цифрлық отбасы картасы базасында әкімнің цифрлық жұмыс орнының жеке модулі әзірленіп, елдің 17 өңірі бойынша 34 ауылдық округте пилоттық режимде іске қосылды. Алғашқы нәтижелер ауыл деңгейіндегі басқарушылық процестерді цифрландыру әкімшілік жүктемені төмендетуге, есептілікті автоматтандыруға, мемлекеттік қолдау шараларының нысаналы болуын арттыруға, сондай-ақ шешім қабылдауда деректерге негізделген тәсілге көшуге мүмкіндік беретінін көрсетті, — деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, жобаның маңызды артықшылығы — интеграциялардың тереңдігі. Модуль 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйедегі деректерді қамтиды. Осы арқылы әкімдер ведомстволарға көп мәрте сұрау салмай-ақ өзекті әрі дәйекті ақпарат бірыңғай көзіне қол жеткізеді.

Қазіргі уақытта модульде ауылдық аумақтың негізгі әлеуметтік-демографиялық және экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ әр отбасы және әр адам бойынша тізімдік тіркелім қолжетімді. Бұдан әрі жүйені жер, көлік және мүлік салықтары, субсидиялар, әскери міндеттілер, ШҚ/ФҚ кепілдері және кеңейтілген әлеуметтік мәртебелер бойынша деректермен толықтыру жоспарланған. Бұл ауылдық аумақты басқарудың мониторингтен стратегиялық жоспарлауға дейінгі тұйық цифрлық контурын қалыптастыруға мүмкіндік береді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында барлық ауылдық округтерді кезең-кезеңімен қосу жоспарланған, — деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов пилот аясында пайдаланушылардың есептік жазбаларын ашу бойынша жиынтық көрсеткіш 1 821 бірлікті құрағанын айтады.

— Былтыр барлық өңір мен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) жаңартылған мемлекеттік жоспарлау жүйесі талаптарын ескере отырып, 2026–2030 жылдарға арналған жаңа даму жоспарларын әзірледі және оларды мәслихаттар бекітті, — деді ол.

Бұған дейін Үкімет басшысы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бірыңғай «Әкімнің цифрлық жұмыс орнын» енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан еді.