Биыл бес су қоймасында кең ауқымды батиметриялық түсірілім жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазсушар» РМК-ның «Су-метрология» филиалы биыл Шардара су қоймасында 18 мың гектардан астам аумақта батиметриялық, сондай-ақ 72 мың гектардан астам аумақта топографиялық түсірілім жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазіргі уақытта далалық зерттеу нәтижелері өңделіп, қорытынды есеп әзірленіп жатыр. 2025-2029 жылдарға арналған «Батиметрия саласындағы су шаруашылығы жүйесін дамыту жөніндегі кешенді шаралар» жол картасын іске асыру аясында филиал биыл Батыс Қазақстан облысындағы Бітік, Дөңгелек, Киров және Сарышығанақ су қоймаларында да батиметриялық түсірілімдер жүргізді. Қазіргі кезде Киров су қоймасында топографиялық түсірілім жұмыстары аяқталуға жақын.
– Бұдан бөлек, биыл Есіл өзенінің 1800 шақырымында, Жайық өзенінің 1300 шақырымында және Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасында батиметриялық зерттеу жұмыстары орындалды. Ал келесі жылы «Су-метрология» филиалы Түркістан облысындағы он су қоймасында батиметриялық және топографиялық түсірілім жүргізуді жоспарлап отыр, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Мейіргүл Қуандықова.
Ал мемлекет өзендерді тартылудан қалай қорғайтынын мына сілтемеден оқыңыз.