- Мемлекеттік компаниялардың басшылары үшін негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) түбегейлі қайта қаралды. Онда бюджетке және Ұлттық қорға қайтарылған қаражат көлемі, оңалтылған кәсіпорындардың саны, тартылған жеке инвестициялар көлемі және еңбек ұжымдарын сақтап қалу көрсеткіштері ескерілді. Проблемалық активтер жүктемесін азайту бизнеске кредит беруге тікелей серпін береді. 2026 жылдың алғашқы 5 айында корпоративтік секторға жаңа берілген кредиттер көлемі 14,8%-ға өсіп, 8,9 трлн теңгеге жетті, ал бизнестің жиынтық портфелі 19 трлн теңгеден асты. Мемлекеттік «Өрлеу» сияқты бағдарламалардың қолдауымен өңдеу өнеркәсібі мен металлургия салаларында айтарлықтай өсім байқалды, - деді С. Жұманғарин.
Бұған дейін хабарланғандай, Премьер-министрдің орынбасары Қазақстан халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықтың берік жүйесін қалыптастырғанын атап өтті.
Айта кетейік, іс-шараны ҚР Қаржы министрлігі, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және Азия даму банкі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бұл саммитке 19 елден 200-ге жуық өкіл және 60-қа жуық ұйым қатысып жатыр. IPAF – Азия өңіріндегі проблемалық активтерді басқару саласындағы мемлекеттік ұйымдарды біріктіретін жетекші халықаралық алаң. Саммиттің Қазақстанда өткізілуі еліміздің қаржы секторын сауықтыру және стресстік активтерді тиімді басқару бағытындағы тәжірибесін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.