Биыл да битум экспортына тыйым салынады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде битум экспортына биыл да тыйым салынатынын айтты.

— Ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін битум экспортына тыйым салынады, — деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда 2025 жылы мұнай өңдеу көлемі 18,4 млн тонна болып, жоспар 2,8% артық орындалған. Ал мұнай өнімдерін өндіру көлемі 15,47 млн тоннаға жеткен.

Сондай-ақ, былтыр 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, CaspiBitum зауытының қуаты жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылғаны айтылды.

— 2026 жылы мұнай өңдеу көлемі 18,2 млн тонна, мұнай өнімдерін өндіру 15,49 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қуаты 10 млн тонна жаңа МӨЗ салу жобасын жеделдету шаралары қабылданады. ПҚОП, АНПЗ және ПНХЗ-де жоспарлы жөндеу жүргізіледі. Павлодар МӨЗ-де 5,5-тен 9 млн тоннаға, Шымкент МӨЗ-да 6-дан 12 млн тоннаға, Атырау МӨЗ-да 5,5-тен 6,7 млн тоннаға дейін кеңейту жұмыстары басталады, — деді Ерлан Ақкенженов.

Бұған дейін 2025 жылы Қазақстан жолдарына 664 мың тонна битум төселгенін жазған едік.