Биыл елдегі 32 аудит нәтижесі бойынша 200-ден астам шенеунік жазаланды

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы 32 аудиттен кейін тәртіптік жауапкершілікке 204 лауазым иесі тартылды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

- Биыл 32 аудитті аяқтадық, ал былтыр осындай 27 аудит қамтылған еді. Тексеру аясында 70 трлн теңгеден астам қаражат қамтылды және 2 трлн теңге сомасында түрлі талаптарды бұзу деректерін анықтадық. Оның ішінде шамамен 500 млрд теңге қаржы саласындағы талаптарды бұзу және 1,5 трлн теңгеден сәл астамы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мен мен жоспарлауға қатысты, - деді Ә. Смайылов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Оның айтуынша, осы жылы 193 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 204 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

- Қылмыстық құқық бұзу белгілері бар 70 материалды құқық қорғау органдарына жолдау туралы шешім қабылданды. Оның 44-і жіберілді, енді қалған 26-сын жолдаймыз, - деді ЖАП басшысы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит бойынша есепті жариялады