Биыл елімізде 20-дан астам ірі халықаралық жарыс өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр еліміз бойынша 30-ға жуық әртүрлі деңгейдегі халықаралық жарыс өтіп, көптеген спорт түрінен халықаралық федерацияның өкілдері келіп, елдің спорттық әл-ауқатымен танысқан болатын. Биыл да ел аумағында әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-дан астам ірі халықаралық жарыс өткізу жоспарланған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыстар Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Талғар және Ақтау қалаларында өтіп, қысқы, жазғы, олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерін қамтиды.
Миландағы ақ Олимпиада аяқтала салысымен Алматыда Фристайл-могулдан әлем кубогы кезеңі мен FIP GOLD ALMATY халықаралық падел турнирін, WKF каратэден KazOpen халықаралық турнирін және WKF каратэден Азия чемпионатын, барлық жас санаттары бойынша джиу-джитсудан Азия чемпионатын ұйымдастыру жоспарланған. Ал жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «XXXIV Мемориал – Ғ.Қосанов» халықаралық жеңіл атлетика жарысы мен Denis Ten Memorial Challenge Series мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирі Алматыда өтеді.
Елорда да бірқатар маңызды байрақты бәсекені қабылдайды. 2025/2026 маусымына арналған UEFA футзалдан Чемпиондар лигасының финалы мен төртінші рет өтетін дзюдодан Grand Slam турнирін көпшілік тамашалай алады. Осы жарыстармен қатар ерлер мен әйелдер арасындағы Silk Way Series Kazakhstan-1,2 халықаралық жарыстары, жүзу мен боччадан әлем кубогтары, голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты мен Astana Open Series Kazakhstan-1,2 халықаралық жарыстары ұйымдастырылады.
Сондай-ақ биыл Астанада фиджитал спорттан «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі өтеді.
Талғарда көпкүндік веложарыстан Азия кубогын, Шымкентте ISSF стенд атудан әлем кубогы мен маунтинбайктан (MTB) Азия кубогын, ал Түркістанда пара каноэден Азия чемпионатын өткізу жоспарланған. Бұл жарыстардың барлығы Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығының сенімді серіктесі және ірі халықаралық жарыстарды қабылдай алатын заманауи спорттық алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Бұдан бұрын 2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтетінін жазғанбыз.