Биыл елімізде пойызды 1383 рет шұғыл тоқтату жағдайы тіркелді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 1 383 дерек тіркелген. Оның 15-і тоқтату кранын заңсыз әрі негізсіз пайдалануға байланысты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Осындай оқиғаның бірі Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Жем» теміржол аралығында болған. «Мәскеу – Бішкек» бағытындағы жолаушылар пойызында Қырғызстан азаматы абайсызда тоқтату кранын жұлып алған. Салдарынан пойыз шұғыл тоқтап, жоспардан тыс аялдау уақыты 19 минутқа созылған.

Осы факті бойынша Қандыағаш станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері 51 жастағы шетел азаматын пойызды негізсіз тоқтатқаны үшін жауапкершілікке тартты.

- Мұндай әрекеттер пойыздардың қозғалыс кестесін бұзып қана қоймай, жолаушылар мен пойыз бригадасының қауіпсіздігіне де қатер төндіретінін ескертеді. Тіпті ауыр жарақат алуға әкеп соғуы мүмкін,-деп хабарлады көліктегі полиция департаменті.

Полиция азаматтарды теміржол инфрақұрылымы нысандарында қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Тоқтату краны пойызды тек шұғыл жағдайда тоқтатуға арналған. Оны негізсіз пайдалануға тыйым салынған.

Бұған дейін Ақмола облысында пойыз қағып кеткен ер адам көз жұмғаны жөнінде жазған едік. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.