Биыл еліміздің су-энергетика ресурстарының картасы әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл соңына дейін еліміздің су-энергетика ресурстарының картасы әзірленеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Су шаруашылығы ұзақ жылдар бойы мемлекеттің назарынан тыс қалып келді. Сіздің арнайы министрлік құру туралы шешіміңіз саладағы қордаланған проблемалардың шешілуіне оң ықпал етті. Былтыр 700 шақырым су арнасы қайта жаңғыртылса, биыл тағы 986 шақырымда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, — деді Үкімет басшысы.
Оның мәліметінше, 4 су қоймасы жаңартылды. Осы жылы тағы да төрт нысанды жаңарту және үш жаңа су қоймасының құрылысы басталады.
— Су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспарына негіз болатын сегіз бассейндік жоспарды әзірлеу аяқталады. Сіздің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаңызға сәйкес, жыл соңына дейін еліміздің су-энергетика ресурстарының картасын әзірлейміз, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Премьер-министр өңдеу өнеркәсібінің қазіргі өсу қарқыны экономиканы толыққанды әртараптандыру үшін жеткіліксіз екенін айтқан еді.