Биыл энергетика саласына 2,66 ГВт жаңа қуат қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл электр энергиясы тапшылығын азайту үшін 2,66 ГВт жаңа энергетикалық қуат іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Фото: Наталья Зинченко / Kazinform

– Жаңа қуаттар Алматы қаласындағы екінші және үшінші жылу электр орталықтарын жаңғырту, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы, Атырау жылу электр орталығында 11-турбиналық агрегат пен 15-қазандықты іске қосу, Текелі энергокешеніндегі жобалар есебінен енгізіледі. Сонымен қатар жалпы қуаты 245,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері нысандарын іске қосу жоспарланып отыр, – деді министр.

Оның айтуынша, қазір Қызылорда облысында қуаттылығы 240 МВт бу-газ қондырғысы және жалпы қуаты 212,6 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің жеті жобасы іске қосылған.

Жалпы, алты айдың қорытындысы бойынша елімізде 63,4 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Оның ішінде жаңартылатын энергия көздері нысандарындағы өндіріс көлемі 5,1 млрд кВт/сағ жеткен.

Ал биыл жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясы көлемі 8,8 млрд кВт/сағ болады деп болжанып отыр.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Олжас Бектенов Алматыдағы жылу электр орталығының жұмыс қарқынын сынға алды.