Биыл Ертіс-Баян өңірінде 800-ге жуық жазғы лагерь ашылады

Фото: Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM- Жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 12 мыңнан астам бала, жетім балалар демалады. Жазғы кезеңде 109 мыңнан астам оқушы немесе оқушылардың жалпы санының 98,5%-ы демалыспен және жұмыспен қамтылады.

Өңірде балалардың демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін барлық мекемелердің мүмкіндіктері мен әлеуетін жұмылдыра отырып, кешенді түрде шаралар қабылдануда. Жазғы кезеңде 109 мыңнан астам оқушы немесе оқушылардың жалпы санының 98,5%-ы демалыспен және жұмыстың әртүрлі нысандарымен қамтылады.

«1 маусымнан бастап өңірде 782 мектеп жанындағы, қала сыртындағы және бейінді лагерьлер ашылады. Жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 12 мыңнан астам бала, жетім балалар демалады. Оқу үздіктері, конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары атанған 875 ауыл баласы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан жолдама сертификаттарын алады. Биылғы жылы өңірде колледждер базасындағы бейіндік лагерьлер желісі мен қызмет бағыттары ұлғайды», - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

«Ұлы дала кереметі» жобасы бойынша 1000 бала тарихи және киелі жерлерге саяхат жасайды. Баянауыл ауданында Қаныш Сәтбаевтің 125 жылдығына арналған «Қ.Сәтбаев - ұлт мақтанышы» атты тақырыптық ауысымдар, «ДАНА МҰРАСЫ» экспедициялық жасақтардың слеті жоспарланған.

Жасөспірімдердің еңбекпен қамтылуына ерекше көңіл бөлінген. Абаттандыру және көгалдандыру жасақтарына 9 мыңға жуық жоғары сынып оқушылары тартылады. Сонымен қатар, өңірдің кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары жасөспірімдерге арналған 6 300 жұмыс орнын құрды.

Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лагерьлерде, демалыс орындарында, су айдындарында, мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде санитарлық нормаларды сақтау бойынша үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.