Биыл «Ертіс» футбол клубында үшінші бас бапкер қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM - Марат Еслямов «Ертіс» футбол клубының бас бапкері қызметінен өз еркімен кетті. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: "Ертіс" ФК

- Клуб басшылығы Марат Жолдасұлына атқарған жұмысы және кәсіби еңбегі үшін алғыс білдіреді. Алдағы қызметіне сәттілік тілейміз, - деп жазылған хабарламада.

Марат Еслямов павлодарлық клуб тізгінін 2 шілдеде ұстаған еді.

Марат Жолдасұлы кәсіби футболшы ретінде «Намыс», «Қайрат ЦСКА», «Ақмола», «Есіл» және «Химик» клубтарында ойын көрсеткен. Бапкерлік жолында отандық клубтарда, Қазақстан жасөспірімдер және жастар құрамаларында қызмет атқарды. 

Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабында еңбек етті. 

2021 жылы «Ақсумен» Бірінші лиганың жеңімпазы атанса, 2022 жылы «Қайсармен» Бірінші лиганың күміс жүлдесін иеленіп, команданы Премьер-лигаға шығарды. 2023-2024 жылдары «Ұлытау» клубын басқарды.

Айта кетсек, одан бұрын павлодарлық клубқа беларусьтік маман Кирилл Альшевский, қазақстандық маман Нұрбол Жұмасқалиев жетекшілік еткен еді.