Биыл қандай ірі жолдар қолданысқа беріледі – Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов жол жөндеу қаражатын игеру қарқыны төмен өңірлерді атады. 

Фото: Көлік министрлігі

«Президент 2025 жылдың соңына қарай республикалық жолдардың барлығын нормативтік жағдайға келтіруді тапсырған еді. Қазір күре жолдарды күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүруде. Биыл бірқатар ірі жобалар – «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» және «Талдықорған – Өскемен» жобалары аяқталуға тиіс. Сондай-ақ республиканың шамамен 2,5 мың шақырым жолында жөндеу жұмыстары қолға алынды», - деді О. Бектенов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, өзекті проблеманың бірі – қаржыландыру. Кейбір өңірлерде жалпы сипаттағы трансферттерді игеру қарқыны төмен. Мысалы, мұндай проблемалар Ақтөбе, Түркістан және Ұлытау облыстарында бар.

«Тағы бір мәселе – жобаларды іске асыру мерзімдерінің мүлтіксіз сақталуы. Бұл әсіресе, солтүстік және шығыс өңірлер үшін маңызды. Өйткені онда құрылыс маусымы қысқа. Сондықтан қарқынды төмендетпеу үшін қажетті шаралардың барлығын дер кезінде қабылдау керек», - деді Үкімет басшысы.

Бүгінгі таңда жаңа автожол жобаларын бастау үшін 550 учаскені алу қажет. Олардың ішінде «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» бар.

«Осыған орай өңір әкімдіктеріне 2030 жылға дейін жоспарланған барлық жаңа автожол құрылысы жобаларының бойындағы жер учаскелерін алуды және резервке қоюды қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Премьер.