Биыл қандай тауар түрлеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов биыл қандай тауар түрлеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізілетінін айтты.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барсында ол жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, сыра, мотор майлары және зергерлік бұйымдар үшін міндетті цифрлық таңбалау енгізілетіндігін мәлім етті.
- Сондай-ақ, биологиялық белсенді қоспалар, киік мүйізінен және тұрмыстық химиядан жасалған өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылып жатыр. Жүйе өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын бақылауға, көлеңкелі нарық көлемін азайтуға және салық жинауды арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол.
Таяуда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков тауарларды таңбалау көлеңкелі экономикаға қарсы күрестегі маңызды құрал екенін айтқан еді.