Биыл қашықтан 2,7 миллион медициналық қызмет көрсетілді — ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар медициналық көмекті барған сайын қашықтан алып отыр. Биыл 9 айда халыққа онлайн форматта 2,7 миллион қызмет көрсетілді. Бұл жоспарлы көрсеткіштерден асып, емханалардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Медициналық көмектегі онлайн-қызметтердің үлесі жоспарланған 7%-дың орнына 8,65% болды.
Қызмет көлемінің артуына жаңа тетіктердің енгізілуі ықпал етті.
- мейіргерлерге бірқатар функцияларды кеңейтілген түрде бағыттау;
- қабылдауға қашықтықтан алдын ала жазылу жүйесін іске қосу;
- «жоспарланған қабылдау» жүйесі арқылы пациент маршрутын оңтайландыру.
Осының арқасында кезектер қысқарып, емханаларға қажетсіз бару азайды — көмек жылдамырақ әрі қолжетімді бола түсті.
Ауыл және шалғай аймақ тұрғындарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 8 өңірдегі 100 медицина ұйымын қамтыған «Онлайн-медицина» пилоттық жобасы басталды. Енді бейінді мамандар жоқ елдімекендердің өзінде дәрігерлердің консультациясын алу мүмкіндігі бар.
Цифрлық технологиялар медицина қызметкерлеріне де тиімді.
Медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және жасанды интеллектіні қолдану мынадай нәтижелер берді:
- электрондық рецепттерді рәсімдеу уақыты 60% қысқарды;
- жүкті әйел картасын толтыру уақыты 40% азайды.
Жыл соңына дейін министрлік цифрлық денсаулық сақтауды одан әрі дамыту үшін негізгі платформа — Бірыңғай медициналық деректер қоймасын құруды аяқтауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия медицинадағы цифрлық серіктестікті күшейтеді.