Биыл Қазақстанда 120 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты - депутат

Қазіргі таңда Қазақстан азаматтарын тұрғын үймен қамту бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұрғын үй мәселесі біздің азаматтарымыз үшін әрқашан өзекті болып қала беретінін және мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты басымдығы болып табылатынын атап өтті. Бірақ халықтың барлық санаттарын ескере отырып, оны көпжақты шешу қажет. Сондықтан Қазақстанның алдында халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен атаулылығын арттыру міндеттері тұр», — деді сенатор.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта азаматтарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.

«Мәселен, 2023 жылдың 10 айында 13 миллион шаршы метрден астам құрылыс салынып, 120 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға жоғары.

Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, оның шеңберінде неғұрлым мұқтаж азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды», — деді Айнұр Арғынбекова.