Жазғы демалыс кезінде бағаға тек жатын орын ғана емес, жол, тамақтану, маусымдық сұраныс пен көңіл көтеру орындары және қосымша шығындар әсер етеді. Әр бағыттың өз ерекшелігі бар, соған сәйкес шығын да өзгеріп отырады. Бірінде ерте келісім жасаса, екіншісінде тамақтану тәртібі маңызды. Тағы бірінде шығынды тек сол жерде есептеуге болады. Біз танымал курорттарды таңдап, қажетті қаржыны есептеп шықтық.
Балқаш курорттық аймағы
Балқаш еліміздегі қолжетімді бағыттардың бірі болып қала бермек. Мұнда үйді жалдау құны бір адамға тәулігін 3 500 – 5 500 теңге болып тұр. Яғни шағын ғана жатын орны, ортақ ас үйі бар. Тамақты әркімнің өзі істеуіне тура келеді. Ал егер кондиционер мен жуыну бөлмесі бар жайлы орынды таңдаса, әр адамға 11 000 – 16 000 теңге есептеледі. Кей орындарда кешенді асты қоса береді. Демек Балқашта үш күн тыныққан адам шамамен 50 000 – 60 000 теңге жұмсайды. Қайықпен серуендеу, шезлонгті және түрлі қажетті дүниелерді жалға алу, сатып алуға қосымша ақша керек. Тамыз айына таман сұраныс артады. Сондықтан ерте қамданып, барар орынды күні бұрын сайлап алған дұрыс.
Алакөл курорттық аймағы
Алакөл негізінен отбасылық демалыс орны болып саналады. Мұнда көбі бала-шағасымен келеді және үш мезгіл тамақтанғанды жөн көреді. Ең арзан ұсыныс мұнда тәулігіне әр адамға - 12 000 – 15 000 теңге. Турист қарапайым ғана бөлмеге орналасады және асханадан тамақ ішеді. Ал жайлы орын, бассейн, балалардың ойын алаңы мен көңіл көтеру орны бар туристік базалар тәулігіне 25 000 – 50 000 теңге алады.
Отбасылық жолдаманы бірнеше ай бұрын алуға болады. Алдын ала қанша баланы ертіп апаратыныңызды жоспарлаңыз. Кейде балаларға жеңілдік жасайды, кейбірі тегін қабылдайды. Жол мен аз-кем көңіл көтеру бағытын таңдасаңыз, Алакөлге үш күнге 150 000 – 190 000 теңге керек. Ең қымбат маусым – шілде.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағы
Бурабайдан бағасы төмен жатын орын мен қымбат қонақүй де табылады. Сондықтан баға адамның өз таңдауына қарай өзгеріп отырады. Бөлме және шағын үйге тәулігіне 10 000 – 12 000 теңге алады. Егер осы ұсынысты таңдасаңыз, көл мен негізгі туристік орынға дейінгі қашықтықты біліп алған жөн. Кейде демалыс аймағына жету үшін 15-20 минут қажет болады.
Тамақтану мен шипажайда тынығу бағасы кем дегенде адам басына 22 500 теңге болады. Орташа деңгейдегі қонақүйде таңға ас, таңғы және түскі ас та ұсынады. Бағасы – 15 000 – 40 000 теңге. Дәмхана мен мейрамханаларда тамақтану қосымша шығынды қажет етеді. Екі адамға орта есеппен 10 000 теңге болады. Бұл сомаға ішімдік ақысы қосылмаған.
Демек, Бурабайдағы үш күндік демалысқа шамамен 150 000 – 220 000 теңге керек. Оған экологиялық жарна, ақылы жағажай, катамаран, экскурсия мен такси қызметін қосу керек.
Маңғыстау курорттық аймағы
Ақтау теңізге шығар негізгі бағыт болып қала бермек. Мұнда жағажай маңындағы демалыс орындарын таңдауға, сонымен бірге қаладан пәтер жалдауға болады. Тиімдісі – пәтерді жалға алу. Мұнда бір бөлмелі пәтер бағасы тәулігіне 10 000 – 13 000 теңге болады. Баға пәтер орналасқан ауданға, жөндеу жұмыстарына байланысты өзгереді.
Қонақүйлер мен теңіз жағасындағы демалыс базасы қымбат. Тәулігіне – 34 000 – 40 000 теңге және одан жоғары. Баға маусым айынан бастап өседі. Ақтаудағы үш күндік демалыс бір адамға шамамен 180 000 – 230 000 теңге болады. Бағаға әуе билеттері де әсер етеді. Кейбірі алыс жаққа пойызбен барады. Адамдар жергілікті супермаркеттен азық-түлік алып, тамақ істейді. Сөйтіп ақша үнемдей алады. Мұнда кейбір жағажайда су асты тас болып келеді. Аяқ киім де соған ыңғайлы болуы тиіс.
Алматыдағы тау кластері
Алматы таулары да жазда сұранысқа ие. Алатау шатқалы мен етегіндегі глэмпинг, А-фрейм үлгісіндегі және киіз үйлерге қазір көпшілік қызығады.
Ең арзаны хостел мен кемпингтегі бөлмелер. Бір түнеп шығу әр адамға 6 000 – 7 500 теңге. Табиғаты тамаша аймақта орналасқан, тау көрінісі керемет демалыс орындарының бағасы 35 000 – 50 000 теңге. Демалыс күндері баға өседі.
Тау ішінде тамақтану бағасына логистика әсер етіп тұр. Екі адамға арналған түскі ас бағасы шамамен 12 000 – 15 000 теңге.
Алматының тау арасындағы үш күндік демалыс бағасы 250 000 теңге және одан жоғары болады. Көлік, аспалы жол, эко-такси мен ұлттық парк жарнасын да қарастырған жөн. Егер үнемдегіңіз келсе, Алматыға аялдап, тауға бір күнді ғана арнаңыз.
Айта кетейік, Қазақстан туризмін насихаттауға халықаралық блогерлер тартылды. Сонымен бірге мемлекет туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп, ұлттық парктердегі жол, инженерлік желі және сервистік нысандар мәселесін шешуге кірісті.