Биыл қазақстандықтар ұшақ бортында интернетті пайдалана бастайды

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан аумағында Starlink салған gateway-станциялар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болады. Сондай-ақ пойыз бен ұшақ жолаушыларына да интернет қолжетімді болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Президент Қазақстан халқына Жолдауына үш жылда толыққанды цифрлық ел құру бойынша стратегиялық міндет қойған еді. Сондай-ақ 2026 жыл Жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осыған орай, Цифрлық кодекс жəне «Киберқауіпсіздік туралы» заң қабылданды. Биыл да цифрлық экономиканы нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленбек.

— Цифрлық экономиканың тиімділігі байланыс инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Былтыр осы бағытта барлық негізгі жоба іске қосылды. Жұмыстардың басым бөлігі биыл аяқталады. Атап айтқанда, қосымша 1900 ауыл талшықты-оптикалық байланысқа қол жеткізеді. Келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90 пайыздан асады. Барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдары байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі, — деді Ж. Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент тапсырмасына сәйкес, былтыр желтоқсан айында барлық өткізу пункті интернетпен қамтылған. 

— Биыл «Қазақстан темір жолы» жолаушылар тасымалының барлық негізгі бағытында интернет қолжетімді болады. Алғаш рет азаматтар отандық әуе тасымалдаушысы бортында интернетті пайдалана бастайды, — деді сала министрі.

Азаматтардың қажеттіліктерін өтеумен қатар, бұл цифрлық инфрақұрылым Қазақстанның аймақтық цифрлық байланыс хабы ретіндегі көшбасшылық рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

— Қазақстан аумағында Starlink салған gateway-станциялар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болады. Мысалы, Тәжікстанға трафик биыл беріледі. Келесі кезекте — Моңғолия мен Қырғызстан тұр. Ал Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Өзбекстан қазірдің өзінде оффтейк-келісімшарт ұсынып отыр, — деді Жаслан Мәдиев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы KazLLM тілдік машинасын іске қосу мен Aitu мессенджерін қолданысқа енгізу жұмыстарын сынаған еді.