Биыл «Қазсушардың» техника паркі алты жаңа кемемен толығады

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» РМК жыл соңына дейін алты жаңа жерснаряд сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл – су нысандарын лай мен шөгінділерден тазартуға арналған арнайы кемелер.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жерснарядтарды Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы мен «Машканалды» (Машиналық әдіспен су көтеру каналы), Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасын тазартуға, сондай-ақ Ақмола облысындағы Астана су қоймасын тазарту жұмыстарына пайдалану жоспарланып отыр.

Айта кетейік, былтыр «Қазсушардың» Ақмола филиалына екі жерснаряд берілген болатын. Су ресурстары және ирригация министрлі мәліметінше, қазір олар Астана су қоймасын соңғы 55 жылда алғаш рет тазарту жұмыстарына пайдаланылып жатыр. Соның нәтижесінде нысанның сыйымдылығы 47 млн текше метрге ұлғайып, елорда тұрғындарын сумен қамту жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді.

— Жерснарядтар су шаруашылығы нысандарын тазарту жұмыстарының тиімділігін арттырады. Бұл каналдардың су өткізу қуатын жақсартып, су қоймаларында көбірек су жинауға жол ашады. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңіріндегі нысандарда жүргізіледі, — деді «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев.

Айта кетейік, Қызылорда облысындағы су саласының өкілдері Сырдария өзеніндегі су деңгейі және көктемгі су тасқынына дайындық туралы айтып берді.