Биыл кеден заңнамасын бұзғандарға 534 әкімшілік іс қозғалған
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 11 айда елімізде 937 кедендік тексеріс жүргізілген. Ал солардың 83%-ында заңбұзушылық анықталыпты.
Бұл туралы ҚР ҚМ МКК Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы хабарлады.
— Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 937 кедендік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 32 млрд теңге қосымша салық пен баж салығы есептелді, оның ішінде 78%-ы, шамамен 25 млрд теңге, бюджетке нақты түсім ретінде өндірілді. Заң бұзушылықтар кедендік тексерістердің 83%-ында анықталды, яғни 778 тексеру нәтижесінде кеден заңнамасын бұзу фактілері тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда қосымша есептеу сомасы 176%-ға, ал бюджетке өндіріп алу сомасы 267%-ға өсті, — дейді Әділет Арашапов.
Басқарма басшысы салық төлеуден жалтарғандар заңмен жазаланатынын ескертті.
— Кеден саласында заң бұзғаны үшін 534 әкімшілік іс қозғалып, 442 млн теңге көлемінде айыппұлдар бюджетке өндірілді. Бұл айыппұлдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабына сәйкес салынады және декларацияларда көрсетілген мәліметтердің дұрыс болмауынан туындайды. Егер кедендік төлемдер мен салықтардан жалтару сомасы 10 000 АЕК-тен асатын болса, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 236-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады, — дейді Әділет Жанатұлы.
Айта кетейік, кеден қызметкерлеріне көлікті тоқтатып, тексеру құқығы берілмек.