Биыл көктемгі дала жұмыстары кезеңінде күн райы қаншалықты қолайлы болады

АСТАНА. KAZINFORM — Жауын-шашынның нормадан аз болуы еліміздің орталық және оңтүстік-батыс өңірлерінде болжанып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

Фото: АШМ

- Көктемгі дала жұмыстары кезеңінде топырақ ылғалдылығы бойынша жағдай жалпы қолайлы. Қостанай, Ақмола, Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында топырақтың метрлік қабатында ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық және оңтайлы болады. Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында – қанағаттанарлық. Бұл ретте, ауа температурасының жоғары болуына байланысты топырақтың үстінгі қабатының тез құрғауы қаупі бар. Сондықтан жекелеген аудандарда жергілікті ылғал тапшылығы болуы мүмкін. Мәселен, Ақтөбе облысының Шалқар және Жамбыл облысының Қордай аудандарының жайылымдарында құрғақшылық қалыптасуы ықтимал, - деді Е.Нысанбаев.

Оның айтуынша, күн райы болжамына сәйкес, мамыр айында ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы мүмкін. Жауын-шашын бойынша жағдай жалпы тұрақты, яғни елдің басым бөлігінде мөлшері норма шамасында.

- Жауын-шашынның нормадан аз болуы еліміздің орталық және оңтүстік-батыс өңірлерінде болжанып отыр. Бұл - Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігі, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола өңірлерінің оңтүстік аудандары, сондай-ақ Ұлытау және Қызылорда облыстары. Жалпы, мамыр айында күн райы егін егу жұмыстарын жүргізуге қолайлы болады. Маусым айында ел аумағының басым бөлігінде температура нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы ықтимал. Бұл ретте республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысында, атап айтқанда Шығыс Қазақстан және Алматы облысы өңірлерінде, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Павлодар, Қарағанды облыстарының шығыс жартысында және Жамбыл облысының оңтүстік-шығысында температура норма шегінде болуы мүмкін, - деді министр.

Сонымен қатар ол елдің астықты өңірлерінің басым бөлігінде жауын-шашын норма шамасында болуы мүмкін екенін айтты. Жауын-шашын тапшылығы орталықта және оңтүстік-батыста байқалуы ықтимал. Бұл – Ұлытау, Ақтөбе облыстары, Қостанай облысының оңтүстігі, Түркістан облысының солтүстігі және Батыс Қазақстан өңірінің оңтүстік-шығысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елдегі жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектар болды.