Биыл құны 1,5 млрд доллар болатын инвестициялық жобалар іске қосылады

Фото: apk-news.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл құны 1,5 млрд доллар болатын инвестициялық жобалар іске қосылады. Бұл туралы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева айтты.

«2024 жылы 1,5 млрд АҚШ долларынан астам сомаға шетелдік қатысуы бар 40-қа жуық инвестициялық жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олардың ішінде «Бұғыты» вольфрам кен орнын игеру және қуаттылығы жылына 3,3 млн тонна вольфрам кені болатын Алматы облысында тау-кен байыту комбинатын салу сынды маңызды жобалар бар. Жоба қытайлық Jiaxin International Resources компаниясының қатысуымен іске асырылып жатыр», - деді ол. 

Министр орынбасары ұсынған дерекке сәйкес, ресейлік ТехноНиколь компаниясы Алматы облысында жылу оқшаулағыш материалдар өндірісін іске қосуға ниетті. Ал итальяндық Cormatex компаниясы Ақтөбе облысында тоқыма емес материалдар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. 

Сонымен қатар Назира Нұрбаева Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы елімізде отандық және шетелдік инвесторлардың шикізаттық емес сектор жобаларынан тұратын инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы қалыптастырылған атап өтті. Бүгінгі таңда ол құны шамамен 25,4 трлн теңге болатын 609 жобадан тұрады және 115 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде 14 трлн сомаға 106 жоба шетелдік, 11,2 трлн теңге сомаға 503 жоба отандық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылады.