Биыл күріш пен мақта алқабы тағы азайды - АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл бидай алқабы 12,1 млн гектар.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша егіс алқаптарын одан әрі әртараптандыру жұмыстары жалғасып келеді. Осыған байланысты биыл дәнді дақылдар алқабы 127 мың гектарға қысқарады. Оның ішінде бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектар болады. Суды үнемдеу мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректеріне сәйкес, күріш пен мақта алқабын азайту жұмыстары іске асып жатыр. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет егіс құрылымы нақты су лимитіне сәйкес бекітілді, - деді А.Сұлтанов.

Оның айтуынша, ел бойынша күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Ал мақта алқабы 162,4 мың гектар. Оның ішінде тамшылатып суару 29,8 мың гектарға көбейеді, ал дәстүрлі суару 12 мың гектарға қысқарады.

- Бүгінде егіс жұмыстары барлық өңірде басталды. Жалпы 4,5 млн гектар алқапқа егіс егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 2 млн гектарға жуық, майлы дақылдар – 1 млн гектардан астам, азықтық дақылдар –388 мың гектар, көкөніс-бақша және картоп – 206,3 мың гектар, мақта – 154 мың гектар. Жалпы, егіс науқаны басталғанға дейін топырақты дайындау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, ылғал жабу, топырақты өңдеу, көктемгі жырту жұмыстары орындалды. Сонымен қатар министрлік жалпы көлемі 400 мың гектарға жуық күздік дақылдардың жай-күйіне мониторинг жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде күздік егістердің 94%-ы оңтайлы жағдайда, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары көрші елдермен бірлесе жүзеге асатынын айтты.