Биыл күзде 1 200 ақтөбелік әскерге шақырылады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Алғашқы легі Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ақтөбеден шақырылғандар ҚР Қарулы Күштері, Ұлттық ұланы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі қатарына қабылданады.

Фото: Ұлттық ұлан

Қазіргі кезде ер азаматтарға SMS-хабарлама жіберілді. Сонымен бірге ҚР Электрондық үкіметі порталының жеке кабинеті арқылы хабарлама жолданды.

— Мерзімді әскери қызметке денсаулығы жарамды, кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады. 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында мерзімді әскери қызметке шамамен 1200 азаматты шақыру жоспарланды. Әскери қызметтен жалтару Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес 1 000 АЕК көлеміне дейін айыппұл салынады немесе 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті, 1 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — деді Ақтөбе облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы Ардақ Құмаров.

Еске салсақ, биыл Ақтөбеде 2 мыңнан астам әскерге шақырылушы комиссия тексеруіне өз еркімен бармады. Полиция басым бөлігін тапқанымен, әлі де 379 ақтөбеліктің іздеуде жүргені мәлім болды. Әрі Ақтөбе облысы көктемде жоспарды орындай алмады. Наурыз-маусым айлары аралығында 1091 адамды әскер қатарына қабылдау міндеті тұрды. Оның 1053-і Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.