Биыл LRT құрылысына республикалық бюджеттен қанша қаражат жұмсалды

Фото: CTS

АСТАНА. KAZINFORM — 11 айдың қорытындысы бойынша Астанадағы LRT құрылысымен байланысты (әуежайдан жаңа темір жол вокзалына дейінгі аумақ) республикалық бюджет шығыны 329,6 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды Data Hub.

ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне сүйенсек, бұл 2025 жылға жоспарланған барлық сома деуге болады, нақтырақ айтқанда 99,2%-ы. Шығындардың егжей-тегжейлі бөлінісі бар республикалық бюджеттің орындалуы туралы есеп соңғы үш жыл бойы жарияланып келеді.

Қаңтар-қараша айларындағы жоғары көрсеткіштер LRT құрылысының қаржыландырылуы күрт жанданғанын көрсетеді: 2024 жыл бойы салыстыруға келмейтіндей деңгейде төмен болған — бар болғаны 28,4 млрд теңге, ал 2023 жылы — 52,4 млрд теңге. Барлық жағдайда қаражат Ұлттық қордан мақсатты трансферттер түрінде бөлінген. Ауқымын түсіну үшін: LRT құрылысына кеткен шығын республикалық бюджеттің көлік және коммуникациялар саласындағы барлық шығынының шамамен үштен бірін құрады. Оларды, мысалы, автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу және күтіп ұстауға бағытталған РБ шығындарымен салыстыруға болады — 258,5 млрд теңге.

Айта кетейік, республикалық бюджет Алматыдағы рельсті көлікті дамытуға да қаржы бөліп отыр: 2025 жылы 25,6 млрд теңге (метрополитен құрылысына). 2024 жылы мұндай шығындар болмаған, ал 2023 жылы олардың көлемі 9,4 млрд теңгені құраған.

Астанадағы LRT құрылысы іс жүзінде 2017 жылдың мамырында Қытайдың Мемлекеттік даму банкінің $1,5 млрд көлеміндегі кредиттік желісін тарту арқылы басталған болатын. Алайда 2018 жылы қарызға алынған қаражаттың бір бөлігі орналастырылған ($208 млн) «Астана Банкінің» лицензиясы қайтарылып алынғаннан кейін кредитор қаржыландыруын тоқтатып қойды. Одан кейін 2019 жылы сыбайлас жемқорлық дауы аясында құрылыс тоқтатылды — сол уақытқа дейін құрылыс-монтаж жұмыстарының 15%-ы ғана орындалған еді.

Сот барысында жобаны іске асыруға жауапты лауазымды тұлғалардың келісімшарт құнын әдейі көтеріп, айырмасын иемденгені анықталды, бұл сома 5,8 млрд теңгені құраған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарған кезде мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлға екенін пайдаланып, LRT салу жобасы арқылы мемлекетке 85,9 млрд теңге шығын келтірді деп айыпталған Талғат Арданның Түркияда ұсталғанын мәлім етті.

Қытайлық қарызға келсек, түптеп келгенде Қазақстан билігі оны мерзімінен бұрын өтеді. LRT құрылысы бюджет қаражатының есебінен 2023 жылы қайта жанданды. Содан бері жерүсті қалалық көлік жүйесін іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Нәтижесінде, сынақтық пайдалану 2025 жылдың қыркүйегінде басталды. Ал толық пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.  

Осыған дейін Жеңіс Қасымбек LRT желісі қашан іске қосылатынын айтты.

Бұдан бұрын Президент LRT желісін ұзарту және Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдады.