«Өткен жылдың қорытындысы бойынша моноқалалардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымының орташа қамтамасыз етілуі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес 88,8 пайызды құрады. Бұл ретте орта есеппен алғанда су құбыры желілерінің тозуы – 55,8, кәріз желілерінің тозуы – 66,5, жылу желілерінің тозуы 54,4 пайызды құрайды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымын салу мен жөндеуге деген қажеттілік бар», - деді ол.
Министрдің айтуынша, экономиканың нақты секторын дамыту және инфрақұрылымдық мәселелерін жүйелі шешу мақсатында Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаков, Риддер, Степногорск қалаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді. Кешенді жоспарларда өнеркәсіп объектілерін, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдық нысандарын салуға 456,6 млрд теңгеге 326 іс-шара көзделген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 37 іс-шара орындалды, 131-і бойынша іске асыру басталды.
«Моноқалаларды қаржыландыруға тоқтала кетсек, мүдделі орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың әкімдіктері тарапынан инфрақұрылымды дамытуға жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөлінеді. Осылайша, 2019-2023 жылдары аралығында 348,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 184 млрд теңге. 2024 жылы осы мақсаттарға 62,8 млрд теңге жоспарланған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 31,2 млрд теңге», - деді Нұрлан Байбазаров.