Биыл мүгедектігі бар жандар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 529 мың тапсырыс берді

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 529,1 мың тапсырысы орындалды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Оның ішінде шамамен 389,5 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 9,6 мың – ымдау тілі қызметін, 26 мың – жеке көмекшінің, 104 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.

- Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады, - делінген ақпаратта.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінде Порталда 630 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1066 ОТҚ жеткізушісі, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 758 ымдау тілі және 139 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Айта кетейік, мүгедектікті белгілеу бойынша 89 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды.