Биыл орманды заңсыз кесудің 214 фактісі тіркелді – министр

Биыл елімізде орманды заңсыз кесудің 214 фактісі тіркелді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: pixabay.com

«Биыл орманды қорғау жөніндегі іс-шаралар аясында мемлекеттік орман қоры аумағында 16 мыңнан астам рейд жүргізілді. 6 мың текше метр көлемінде орманды заңсыз кесудің 214 фактісі анықталды. Келтірілген залал сомасы 425 млн теңгені құрады. Бұл фактілер бойынша 61 бұзушыға 207,5 млн теңге сомасында талап-арыз ұсынылды. 17 көлік құралы мен 40 ағаш кесу құралы тәркіленді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Ведомство басшысының атап өтуінше, Президенттің елді мекендерге 15 млн көшет отырғызу тапсырмасы бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының елді мекендерін көгалдандыру және жасыл аймақтарды құру бойынша өңірлік жоспарлар бекітілді. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 3 млн көшет отырғызылады. 2021-2022 жылдары 7 млн, ал биыл 1,1 млн көшет отырғызылды. Осы жылдың желтоқсан айына дейін жоспар толығымен орындалады», - деді Ерлан Нысанбаев.