Биыл Өзбекстан ДСҰ-ның тең құқылы мүшесі атануға ниетті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев жауапты шенеуніктерге Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылу процесін биыл аяқтау бойынша тапсырма берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Кеңесте мәлім болғандай, бұған дейін ДСҰ-ға қосылу бойынша жұмыс тобының екі отырысы ұйымдастырылған. Олардың барысында түрлі ұсыныс айтылып, 30-дан астам құжат жобасы талқыланған.

Сонымен қатар 40-тан астам екіжақты келіссөз жүргізіліп, былтыр 11 елмен келісім жасалды. Қазіргі уақытта өзбек тарапы 33 мемлекетпен тиісті хаттамаға қол қойды. Мұнымен бірге депутаттар ұлттық заңнаманы ДСҰ талабына сәйкестендіріп жатыр.

Жиналыс соңында Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына биыл ресми қосылуына бағытталған кешенді шараларды іске асыру жөнінде тапсырма берді.

Бұған дейін Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылу процесі кешігуі мүмкін екенін жазып едік.

Еске салайық, Өзбекстан Тайваньмен келіссөзден соң ДСҰ-ның тең құқылы мүшесі атанбақ.