ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында өзбекстандықтар «Avtoraqam» сервисі арқылы 620 млрд сумға (шамамен $48,4 млн) 152 мың VIP көлік нөмірін сатып алған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбек республикалық тауар-шикізат биржасының мәліметінше, бір жыл ішінде VIP көлік нөмірлерінің сатылымы 2,6 есе өскен.
«Бұл ретте автонөмірлердің 97% - жеке тұлғалар, 3%-ын заңды тұлғалар сатып алды. Нөмірлердің ең арзаны 1,7 млн сумға ($133) бағаланса, ал ең қымбаты 517,1 млн сумға ($40,4 мың) саудаланды», - делінген республикалық тауар-шикізат биржасының хабарламасында.
Сондай-ақ, биылғы 9 айда биржада 14,6 млрд сумға ($1,1 млн) бағаланған 3 577 VIP ұялы телефон нөмірі сатылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.