ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл Өзбекстанда жалпы ішкі өнім көлемі 6-6,5% өсуі мүмкін. Елдің макроэкономикалық ахуалы және қаржы секторының даму перспективасы талқыланған панельдік сессияда ӨР Орталық банкі төрағасының орынбасары Бехзод Хамраев осылай мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
«Еліміздегі жүйелі реформалардың арқасында экономикалық өсім көрсеткіші жоғары. Болжамға сай, биыл және орта мерзімді перспективада жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 6-6,5% деңгейінде болмақ. Бұған 2024 жылы ел экономикасына тартылған тікелей инвестициялар оң ықпал етті», - деді Бехзод Хамраев.
Еске салайық, бұған дейін Еуропалық қайта құру және даму банкі Өзбекстанның ЖІӨ биыл 6,5%-ға, ал 2025 жылы 6%-ға өсетінін болжаған еді.
Сонымен қатар, Өзбекстан 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін $200 млрд жеткізуді жоспарлап отыр.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.