Биыл Павлодар облысына 3505 адам көшіп келеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Сырттан келетін қандастарға 902 квота бөлініп отыр. Өңірде медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы және мәдениет салалары бойынша мамандар тапшылығы байқалады.

Фото: Pixabay

2024 жылы Павлодар облысына сырттан келетін қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға 3505 адамға квота бөлініп отыр. Оның ішінде қандастарға - 902, ішкі қоныс аударушыларға - 2603 квота бөлінген.

«Көшіп келушілерді облыстың барлық қалалары мен аудандарында (3 қала, 10 аудан) орналастыру жоспарланып отыр. Павлодар облысына медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы және мәдениет салалары бойынша мамандар қажет. Мұны көші-қон барысында ескеретін боламыз. Қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатында 2023 жылдан бастап тұрғын үй сатып алу үшін баспана құнының 50%-ын құрайтын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде қаржылық көмекке құқығы бар экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Жыл қорытындысы бойынша Павлодар облысында 542 отбасыға тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттары төленді», деп атап көрсетті Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова Kazinform агенттігінің тілшісіне берген жауабында.

Атап өтейік, 2023 жылы облыс 3343 адамға квота бөлген. Оның ішінде 972 адам қандастар, 2371 адам ішкі қоныс аударушылар. Өңірлік квота 100% орындалды.