«Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Павлодар облысы электр энергиясының 42,5 пайызын және елдің 60 пайызға жуық көмірін өндіреді. Тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,2 пайызға өсіп, 730,1 млрд теңге болды. Инвестициялардың өсу қарқыны бойынша біздің өңір республика бойынша 4-орын алады. Бұл жерде оның 85 пайызы жеке инвестициялар екенін атап өткен жөн. Бұл 32 жобаны іске асыруға және 15 00-ге жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін 800-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 291 млрд теңгеге тағы 20 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, стратегиялық маңызды жобалардың қатарында келесі жылдың бірінші жартысында іске қосу жоспарланып отырған Екібастұз маңындағы ферроқорытпа зауытының құрылысы бар. Бұл зауыт Қазақстанға Қытайдан кейін ферроқорытпалардың ірі өндірушісі болуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірлік биліктің жұмысында 9,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 2,1 трлн теңге сомасына 127 инвестициялық жоба жасақталған.
«Өкінішке қарай, өңіріміз атмосфераны ластау бойынша елде көшбасшы аймақтар қатарында. Осы орайда облыста кешенді экологиялық шешімдерге біртіндеп көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 2,6 пайызға немесе 13,2 мың тоннаға азайды», - деді Асайын Байханов.