Биыл Павлодар өңірінде шыбын-шіркейді улауға дрондар жұмылдырылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыста әуеден өңделетін алқаптардың көлемі 172 мың гектарға дейін жеткізіледі. Билік өкілдері нәтиже болмаса, мердігерге бюджеттен бір тиын да бермейміз деп отыр.
Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, биыл қолданылатын биологиялық препараттардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда бірден 51 пайызға артады. Ал әуеден өңделетін алқаптардың көлемі 172 мың гектарға дейін жеткізіледі. Сондай-ақ өзен арқылы өңдеу көлемі 52 пайызға ұлғаяды. Адам мен техника бара алмайтын жерлерге дәрі шашу үшін дрондар қолдану көзделген.
- Дезинсекциялық іс-шаралар Павлодар қаласын және облыстың алты ауданын қамтитын болады. Атап айтқанда, 67 елді мекен маңайы шыбын-шіркейге қарсы өңделеді. Ертіс өзені мен оның арналары бойынша жалпы ұзындығы 3200 шақырымнан астам аумақты өңдеу жоспарланған. Мердігер ұйым тапсырмаларды орындау үшін 200-ден астам арнайы техника мен құрал-жабдықты, 200-ге жуық маманды жұмылдырады, - дейді басқарма басшысы.
Мердігер ұйыммен үшжылдық келісімшартқа қол қойылған. Қаржыландыру көлемі жылына - 4,5 млрд теңге. Дәріленген аумақтардағы шыбын-шіркейдің қырылуы кемі 80 пайыз болуы керек. Одан төмен болса, атқарылған жұмысқа ақы төленбейді деген талап қойылып отыр.
2025 жылы ғалымдар Павлодардың кейбір ауылдарында шыбын-шіркейдің не себепті қаптап кеткенін түсіндірген еді.