Павлодар облысында суқұзғындардың көбеюі үлкен мәселеге айналып келеді. Былтыр ғалымдардың кеңесі бойынша Ертіс өзені бойынан 3 мыңнан астам мешкей құс атылған. Ал биыл 860 суқұзғынын жоюға ұсыныс жасалып отыр.
Мамандардың айтуынша, күйзеліс жағдайында құстардың жұмыртқа салуы күрт артады. Сондықтан олардың санын бірден азайтып тастау дұрыс емес.
- Қазіргі уақытта облыста 15 мыңдай суқұзғын тіркеліп отыр. Биыл бізге 860-ын атуға, кейін олардың жұмыртқа салуын бақылауға кеңес беріліп отыр. Сондай-ақ мүмкіндігінше ұяларды бұзбай, жұмыртқаларды «тұншықтыру» әдісін қолдану ұсынылды. Яғни, жұмыртқалардың сыртына май жағылып, оттегінің ішке өтуі шектеледі. Оның әсерінен жұмыртқа ішіндегі ұрықтар өліп қалады. Мұның барлығы техникалық ерекшеліктерде егжей-тегжейлі жазылған, - дейді Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев.
Еске сала кетейік, бір аптадан кейін Ертіс өзенінде сең жүре бастауы ықтимал.