Биыл ірі кәсіпорындардың шығарындылары 148 мың тоннаға азайды
АСТАНА. KAZINFORM - Биыл ірі кәсіпорындардың шығарындылары 148 мың тоннаға азайды. Бұл туралы жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. 2022 жылмен салыстырғанда еліміздің ірі кәсіпорындары бойынша нормативтік шығарындылар көлемі 148 мың тоннаға, яғни 7,2 пайызға азайды. Эмиссияларды азайту ең озық қолжетімді технологияларды енгізу арқылы кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу есебінен жүзеге асырылады. Жүргізіліп жатқан реформа аясында 20 ең үздік техник анықтамалары бекітілді. Түрлі салалардағы кәсіпорындарға 11 кешенді экологиялық рұқсат беріліп, тағы 22 өтінім қаралуда, - деді министр.
Оның айтуынша, деректердің ашықтығы мен бақылауды күшейту бағытында автоматтандырылған мониторинг жүйесі маңызды рөл атқарады. Бүгінгі күні кәсіпорындарда орнатылған 78 жүйенің 74-і ауа ластануы туралы деректерді нақты уақыт режимінде беріп отыр.
Автоматтандырылған жүйені орнату талаптарын бұзғаны үшін 2024–2025 жылдары 43 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі 24,3 миллион теңгені құрады.
- Жалпы ел бойынша экологиялық бақылау аясында Экология департаменттері 899 тексеру жүргізіп, 2 540 құқық бұзушылықты анықтап, нәтижесінде 2 285 айыппұл салынды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеден асты, - деді Ерлан Нысанбаев.
Бұған дейін үш қалада қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтарды кәдеге жарату зауыты салынатынын жазған едік.