Биыл республика бойынша 13 кәсіпорында ереуіл болды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл республика бойынша 13 кәсіпорында ереуіл болды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді.
Қызметкерлердің негізгі талаптары жалақыны көтеру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес тәуелді ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйақыларды төлеп, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеу, қызметкерлерді босату тәуекелдері және т.б.
– Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. Министрліктің жанына 2021 жылдан бастап ахуалдық орталық жұмыс істейді. Оның шеңберінде ел кәсіпорындарындағы ахуалға күнделікті мониторинг жүргізіледі. Ағымдағы жылдың басынан республика бойынша мониторингте 127 кәсіпорын болса, оның ішінде 50 кәсіпорынның проблемалары шешіліп, олар мониторингтан алынды. Бүгінгі таңда 77 кәсіпорын бақылауда. Олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар еңбек жанжалдарын болдырмау бойынша шаралар қабылдауда, - дейді Төлеген Оспанқұлов.
Салалық бөліністе жанжалдардың негізгі үлесі – мұнай-газ тау-кен, металлургия және коммуналдық сала кәсіпорындарына тиесілі. Сондай-ақ, наразылықтардың туындау себептерінің бірі – сервистік компаниялардың келісімшарттарының қысқа мерзіміне байланысты. Сол себепті қызметкерлер ереуілге шығып талап-тілектерін айтқан. Комитет төрағасының сөзінше барлық ереуілдер заңсыз деп танылған.
– Айта кету керек, барлық ереуілдер ҚР еңбек кодексінде белгіленген қызметкерлердің талаптарын ұсыну рәсімдерін сақтамай, стихиялық тәртіппен өтті. Осыған байланысты 5 соттың шешімімен ереуілдер заңсыз деп танылды. Ағымдағы жылда мемлекеттік еңбек инспекторлары 126 кәсіпорында 1,5 млн теңгеден астам соммаға 9,7 мың қызметкердің алдындағы жалақы бойынша берешекті анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 8,1 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалып, оларға 890 млн теңге төленді. Жұмыс берушілерге 1409 ұйғарым беріліп, оларға 107 млн теңгеден астам соммаға 1780 әкімшілік айыппұл салынды. 2024-ші мамырға жалақы бойынша берешек 29 кәсіпорында 1,6 мыңнан астам қызметкерлердің алдында 682,6 млн теңгені құрады, - дейді спикер.
Еске сала кетейік, бұған дейін кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалғанын хабарлаған болатынбыз.
Зұлқарнай Ермұратұлы