Биыл Сәтбаев каналынан Шідерті өзені жайылмасына рекордық көлемде су жіберіледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Қазсушар» РМК Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Шідерті өзеніне 120 млн текше метр су жіберуді ұйғарып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33,3 млн текше метрге көп.
Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы биыл Шідерті өзенінің маңайын қоныс еткен елді мекендерді барынша жарылқайын деп тұр. Тіршілік нәрі сай-саланы суға толтырып, Ақтоғай ауданы мен Екібастұздың ауылдық аймақтарындағы мал өсіруші ағайынның несібесін еселей түседі.
Каналдан су босату шараларының жалпы ұзақтығы шамамен екі айға ұласады. Осы аралықта жалпы көлемі 120 млн текше метр су Шідерті өзені арқылы кең далаға жөңкіліп, шабындық үшін пайдаланылатын көлтабандарды, Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөл көлдер жүйесін (шамамен 9 көл бар) толықтырып, балық ресурсын қалпына келтіруге оң әсерін тигізеді. Екінші тұрғыдан бұл аумақтардың табиғи балансын ұстап тұруға, экологиялық ахуалды жақсартуға негізделген.
— Биыл Шідерті өзенінің жайылмасына 120 млн текше метр көлемінде су жіберіледі. Ол шамамен сәуір-мамыр айларында жүргізіледі. 2024 жылы босатылған судың көлемі 86,7 млн текше метрді құраған. Тасқын сулардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың қазан-қараша айларында Ертіс бассейндік инспекциясымен, төтенше жағдайлар органдарымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, барлық гидротехникалық құрылысқа комиссиялық зерттеу жүргізілді. Гидротехникалық құрылыстың жағдайы қанағаттанарлық, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Павлодар филиалының басшысы Арман Оспанов.
Атап өтейік, «Қазсушар» мекемесінің Павлодардағы филиалына бүгінде Шідерті сағалық суару жүйесі, Беловод топтық су құбыры, Май топтық су құбыры, Ертіс жүйелі суармалы өндірістік учаскесі, Қолыбай көлтабандар жүйесі қарайды.
Былтыр Ақмола облысының кәсіпкері Өлеңті өзенін бөгеп, салдарынан Павлодар өңірінің 80 шаруасы сусыз, Ақкөл-Жайылма нусыз қалғанын жазған едік.