Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Өткізу пункттерін үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Асанхан Ерхан мәлім етті.
Оның айтуынша, аталған жүйе көлік құралдарының шекарадан өту уақытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
— Қабылданған шаралардың нәтижесінде автокөліктердің шекарадан өту уақыты 30 минутқа қысқарды. Сонымен қатар өткізу қабілеті 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында өткізу бекеттері арқылы 553 мыңнан астам көлік өтті, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 17 пайызға жоғары, — деді спикер.
Сондай-ақ ол жүйенің жұмысына қатысты түсінік берді.
— Қазіргі уақытта жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Слоттардың болмауы өткізу бекеттерінің мүмкіндіктеріне байланысты. Бұған қоса, шекаралас елдердің өткізу қабілеті де әсер етеді. Егер көрші тарап көлікті аз қабылдаса немесе техникалық ақаулар, жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, слоттар саны азаюы мүмкін, — деді Асанхан Ерхан.
Спикер жаңа өзгерістер енгізілгенін де атап өтті. Оның сөзінше, әрбір жасалған броньды өткізу күніне дейін 12 сағат бұрын келесі күнге немесе басқа күнге ауыстыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте төленген қаражат сақталады, бронь күшін жоймайды. Әр бронь үшін бір рет өзгеріс енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, Smart Cargo логистиканың Бірыңғай терезенің негізінде құрылған тасымалдаудың цифрлық төлқұжаты 2026 жылғы 1 мамырдан бастап НұрЖолы автомобиль өткізу бекетінде іске қосылады.
Сонымен қатар Қостанай облысында «Желқуар» автомобиль өткізу пункті арқылы қозғалыс уақытша тоқтатылды.