Биыл сырттан әкелінетін көліктердің құнын 46,3 млрд теңгеге төмендету фактілері анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 5 айда шетелден әкелінген көліктердің құнын төмендетіп көрсету салдарынан 11,9 млрд теңге кедендік төлем мен салық бюджетке аударылмаған. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов айтты.
— Мемлекеттік кірістер органдары сырттан әкелінетін көлік құралдарының кедендік құнына бақылау жүргізеді. 2025 жылдың 5 айында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көліктердің құнын 46,3 млрд теңге сомасына төмендету фактісі анықталды. Осыған байланысты 11,9 млрд теңге кедендік төлем мен салық толық аударылмаған, — деді комитет төрағасының орынбасары Amanat партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық комиссия отырысында.
Қайрат Жұмағұловтың атап өтуінше, сырттан келетін көліктерге кеденде тексеру жүргізіледі. Соның нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сай келмейтін көліктер де анықталып отырады.
— 2004 жылы жүргізілген осындай іс-шаралар барысында 3 923 көлік құралы тексеріліп, 116 жағдайда, ал биыл 5 айда 3 888 көлік құралы тексеріліп, 16 жағдайда сәйкессіздік анықталды, — деді ол.
Бұған дейін көлік контрабандасы неге тыйылмай тұрғанын жазған едік.