Биыл «Stadler Қазақстан» зауытының 51 вагоны пайдалануға беріледі

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі жолаушылар вагондарының 42 пайызының тозығы жеткен. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты. 

— Биыл қаңтарда Астанада жылына жүзге дейін жолаушылар вагонын шығаратын «Stadler Қазақстан» зауыты іске қосылды. Шығарылған вагондар 2030 жылға дейін келісімшарт аясында Қазақстан темір жолына жеткізіледі. Жыл соңына дейін алғашқы 51 вагон қолдануға беріледі. Осы жылдың басында Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна шығаратын зауыт іске қосылды. Сонымен қатар жергілікті өндіріс үлесін арттыру мақсатында инвестор Foundry кластерін салуды бастады. Зауыттың іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның дерегінше, биыл Семейдегі машина жасау зауытында жылына 600 жүк вагонын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды. Бұдан бөлек, Екібастұзда дайын теміржол техникасын және құрамдас бөлшектер мен маңызды компоненттер шығаратын кәсіпорындар кластері салынды. Биыл осы кластерде жылына 160 мыңға дейін дайын өнім шығаратын бандаждық кешен іске қосылды.

Осылайша, бұл жобалар өндіріс қуатын одан әрі ұлғайтып, өнім сапасын арттыратын болады. Дегенмен қабылданған шараларға қарамастан, вагон паркінің тозу деңгейі әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, бүгінде жүк вагондары паркінің тозуы — 54 пайыз, локомотивтер — 52 пайыз, жолаушылар вагондары — 42 пайыз деңгейінде. Еліміздің вагон паркін жаңарту отандық машина жасау секторын дамытумен тығыз байланыста болуы тиіс. Бұл өндірістік қуатты ұлғайтуға және вагон паркін жаңғыртуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы 16 мың шықырымды құрайтынын, тозу деңгейі 57 пайызға жеткенін айтқан еді