Министрлік алқасының отырысында тілшілер сұйытылған газ бағасы қашан және қаншаға қымбаттайтынын сұрады.
«Мұндағы әңгіме жоспарлы жұмыс жөнінде болып отыр. Біз сұйытылған мұнай газының бағасын жыл сайын арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал биыл біз өңірлерге қарай шамамен 5-8 теңгеден аздап қосуды жоспарлап отырмыз. Биылғы көктемде министрліктің жоспарында осындай қымбаттату бар», - деп жауап берді А. Сәтқалиев.
Бұған дейін ведомство басшысы елдегі сұйытылған мұнай газы бағасы өте төмен екенін мәлім еткен еді.
«Бүгінгі күні сұйытылған мұнай газына белгіленген шекті көтерме сауда бағасы оны өндіру құнынан төмен. Газ өндірісінің тиімсіздігіне байланысты сала шығынға ұшырауда, тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды», - деді ол.
Қазір өңірлерге қарай елдегі сұйытылған газ бағасы 54-86 теңге аралығында. Салыстыру үшін Ресейде бір литр газдың бағасы 165 теңгені, Қырғызстанда – 159 теңгені, Әзербайжанда – 171 теңгені, Тәжікстанда – 273 теңгені құрайды.