Биыл «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 934 экологиялық іс-шара өткізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 934 экологиялық іс-шара өткізілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов айтты.
— Заңсыз үйінділерді жою жұмыстары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының бір бағыты саналады. Бағдарламаның негізгі мақсаты — азаматтардың таза және қауіпсіз өмір сүру ортасын құру және аумақтардың санитарлық жағдайы басты назарда. Қоғамдық бақылауды күшейту үшін Telegram цифрлық құралы — @TazaQazBot чатботы белсенді түрде қолданылуда. Ол тұрғындарға үйінділердің пайда болу фактілері туралы тікелей хабарлауға, фотосуреттерді қосуға және өтініштерді орындау нәтижелері бойынша кері байланыс алуға мүмкіндік береді, — деді комитет басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Ерболат Қожықовтың дерегінше, жыл басынан бері чатботқа 17 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 15 мыңнан астамы орындалды. Олардың басым бөлігі аумақтарды тазалау, көшелерді абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелеріне қатысты. Өтініштер сапасыз орындалған немесе ресми жауаптар берілген, белгіленген мерзімге сай келмеген немесе орындаушылар тарапынан нақты іс-әрекеттер болмаған жағдайда пайдаланушыларға шағым беру мүмкіндігі бар. Мәселен, биыл 530 арыз-шағым түсіп, оның 476-сы орындалды. Шағымдар негізінен аумақтардың нашар тазалығы, жол жағдайы, абаттандыру, көшелерді абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелеріне қатысты болды.
— 2025 жылы «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 934 экологиялық іс-шара өткізілді. Оның нәтижесінде 506 мың тонна қалдықтар жиналып, 859,6 мың гектар алқап тазартылды. 2,4 млн жасыл желек отырғызылды. 4,2 миллионнан астам адам қатысты, оның 357 мыңы — еріктілер. Бұл әрекеттер қоқыстарды жоюмен қатар тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау мәдениетін қалыптастырады, — деді ол.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдар рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жою туралы жалған деректер бергенін жазған едік.