Биыл тоғыз айда ақылы жолдардан бюджетке 62 млрд теңге түсті

Фото: ҚазАвтоЖол

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елімізде 26 ақылы жол учаскесі бар, олардың жалпы ұзындығы – 4883 шақырым.

- 2025 жылғы 9 айдың ішінде ақылы жолдардан бюджетке 62 млрд теңге түсті. Ол қаражат жолдарды күтіп-ұстауға және жаңа техника алуға жұмсалып жатыр, - деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан әрі басқарма төрағасы жол бойындағы қызметке тоқталды.

- Республикалық автожолдар бойында 1500-ға жуық қызмет көрсету нысандары бар. Олардың 93%-ы (1306 нысанды) Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Биыл 9 айдың ішінде 33 жаңа жол бойындағы нысан салынып (әжетхана, жанармай құю стансалары, қонақ үйлер, асханалар, кемпингтер) қолданысқа берілді. Сонымен қатар жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 30 санитарлық-гигиеналық торапты іске қостық. Олардың ішінде жылы әжетханалар, шағын дүкен және кафетерийлер бар. Қазір олардың саны 155-ке жетті. Алдағы жылдары модульді кешендердің санын арттырып, жол бойындағы салқын әжетханаларды кезең-кезеңмен азайтуды көздеп отырмыз, - дейді ол.

Оның айтуынша, қазір ұлттық компания жол бойындағы нысандарға арнайы «дизайн код» әзірлеп, ортақ стандартқа келтіріп жатыр.

Айта кетсек, елімізде кешеден бастап ақылы жолдарда жылдамдықты асыру фактілерін тіркеу басталды.