Биыл цифрлық теңге қай салалардың бюджетіне енгізіледі

Фото: DALL-E

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің кеңейтілген отырысында биыл бюджетіне цифрлық теңге енгізілетін салаларды атады.

- Биыл цифрлық теңгені бюджет процестерінде қолдануды кеңейтеміз. Ол үшін сәуір айында Үкіметпен бірге бюджеттік бағдарламалар мен жобаларды цифрлық теңгеге аударудың арнайы жоспарын қабылдаймыз, - деді ол.

Оның сөзінше, аталған жоспар бірнеше саланы қамтымақ.

-Бұл жол салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, агроөнеркәсіп кешенін несиелендіру, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау сияқты салаларды қамтиды, - деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. 

Жиында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.