Биыл Түркістан облысында өрттен 18 адам қайтыс болып, 13 адам жарақаттанған

Фото: ТЖМ

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Биыл облыс аумағында 390 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудан 18 адам қайтыс болып, 13 адам жарақаттанған. Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жасұлан Айнабек мәлім етті.

Департамент өкілінің мәлімдеуінше, облыс аумағындағы өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында, автокөлік құралдарында, сауда орындарында, бидай және орман алқаптарында болған.

– Жыл басынан бері өрттен болған материалдық шығын көлемі – 1 миллиард 729 миллион теңге. Сондай-ақ, газдан улану дерегі бойынша 1 жағдай тіркелген. Оқиға салдарынан 2 адам қайтыс болып, 3 адам жарақаттанған. Жергілікті әкімдіктер тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мұржалары тазартылды. Атаулы іс-шараға төтенше жағдайлар қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, газ инспекциясының мамандары қатысты. Облыс көлемінде жүргізілген рейд нәтижесінде ТЖД қызметкерлері 37 мыңнан астам заңбұзушылықтарды анықтады, – деді ол.

Жасұлан Айнабектің айтуынша, жылыту маусымында пештерді тазалау жұмыстары кемінде 3 айда бір рет жүргізілуі тиіс. Түтін арналары өтетін пештер, құбырлар мен қабырғалардың беттері ақаусыз, жарықсыз болуы міндетті. Пештен алынған күл мен от қалдығына су құйып, ғимараттардан кемінде 15 метр қашықтықта орналасқан жерге апарып тастау қажет.

Бұдан бұрын Түркістан қаласындағы мұнай базасынан өрт шыққанын жазған едік.