Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 4500-ге жуық өзбекстандық жауапқа тартылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында Өзбекстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған 4 477 адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстан Жоғары сотының баспасөз хатшысы Азиз Абидов мәлім еткендей, Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің тұрмыстық зорлық-зомбылық бабы бойынша 4 343 адам жауапқа тартылды. Олардың ішінде 2 344-не айыппұл салынса, 1 999-ы әкімшілік қамауға алынған.
Ал Қылмыстық кодекстің 126-1-бабы бойынша (Қайталап жасалған немесе ауырлататын мән-жайы бар тұрмыстық зорлық-зомбылық) 134 адам сотталды. Оның 51-і бас бостандығынан айырылды, ал 83 адамға өзге де жаза тағайындалған.
Айта кетейік, жоғарыда аталған баптар Өзбекстан заңнамасына 2023 жылдың сәуірінде енгізілді. Өткен жылы олар бойынша 9 131 адам жауапқа тартылған.